Футболдан Франция құрамасының бас бапкері жарақат алған шабуылшы Карим Бензаманың орнына жаңа футболшы шақырмайды. Сондықтан да қазіргі әлем чемпиондары Қатарда 25 футболшымен өнер көрсетеді, деп жазады L’Equipe басылымы.
Бүгін, бас бапкер «Алтын доп» иегерінің жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыса алмайтынын хабарлады. Дидье Дешамда дүйсенбі кешке дейін Бензаманы ауыстыратын футболшы шақыртуға мүмкіндігі болды.
Құрамада Каримнің орнын басуға Антони Марсьяль, Виссам Бен Йеддер және Тома Лемар үміткер болды. Бірақ Дешам олардың ешқайсысын шақырмауды жөн көрді. Осылайша, енді Франция әлем чемпионатын 25 футболшымен өткізеді.
Айта кетейік, әлем чемпионаты бүгін, 20 қараша басталып, 18 желтоқсанда аяқталады. Франция құрамасы D тобында Дания, Тунис және Аустралиямен ойнайды.