Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду спорттық карьерасына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
«Португалия сапында әлі де бірнеше жыл ойнаймын. Катардағы әлем чемпионатына баратыным белгілі. Одан кейін Еуропа біріншілігінде ел намысын қорғағым келеді», – дейді 37 жастағы «Манчестер Юнайтед» шабуылшысы.
Еске салайық, 2022 жылғы мундиаль қараша мен желтоқсан айларында Катарда өтсе, Еуро-2024 турнирін Германия қабылдайды. Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарының жеребесі 9 қазанда өтеді.
2003 жылы Португалия командасындағы алғашқы ойынын Қазақстан құрамасына қарсы өткізген Роналду 189 матчта 117 гол салған. 2004 жылы өз құрамасымен Еуропа чемпионатының күміс медалін еншілесе, 2012 жылы Польша мен Украинадағы кәрі құрлық додасында қола жүлдегер атанды. Ал 2016 жылы Франциядағы Еуропа чемпионатында алтыннан алқа тағынды. 2017 жылы Ресейдегі Конфедерация Кубогін қола және 2019 жылы УЕФА Ұлттар Лигасын бағындырды.