Ральф Рангник «Манчестер Юнайтедтен» біржолата кетті

«Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері Ральф Рангник клуб құрылымында кеңесші болып жұмыс істемейді. Бұл туралы манкуниандық клубтың ресми сайты хабарлады.

Еске салайық, Рангник өткен жылдың желтоқсанында «Манчестер Юнайтедтің» жаттықтырушысы болып тағайындалды және келісім-шартқа сәйкес ол 2021/2022 жылғы маусымның соңында кеңесші қызметіне ауысуы керек еді.

Сәуір айының соңында Рангник Австрия құрамасын тізгіндеді. Сол елдің бапкерге қойған талаптарына байланысты неміс маманы «Манчестер Юнайтедтен» кету туралы шешім қабылдады.

«Манчестер Юнайтед» 63 жастағы бапкердің жетекшілігімен Ағылшын Премьер-лигасын алтыншы орында аяқтады. «Қызыл сойқандарды» келесі маусымға Эрик тен Хаг дайындайды.