«Ливерпуль» футбол клубы Чемпиондар Лигасының финалына шықты
Турнирдің жартылай финалының қарымта кездесуінде 2:3 есебі тіркелді.
«Эстадио-де-ла-Керамика» стадионында өткен ойында алдымен алаң иелері екі рет ерекшеленді. «Вильярреал» сапында Булай Диа (3-минут) және Франсис Коклен (41-минут) көзге түссе, үзілістен кейін Фабиньо (62-минут), Луис Диас (67-минут) және Садио Мане (74-минут) гол соқты.
Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда испаниялықтардың сапында Этьен Капу екінші ескертуін алып алаңнан қуылды.
Еске салайық, Тұманды Альбиондағы алғашқы кездесу Юрген Клопттың командасының пайдасына 2:0 есебімен аяқталған еді. Енді «Ливерпуль» финалда «Реал» мен «Манчестер Сити» жеңімпазымен кездеседі.