«Астана» клубының бас бапкері Срджан Благоевич Конференция лигасының іріктеу кезеңі аясында «Ракувпен» ойын алдында пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
«Әрине, бірінші матчта ірі есеппен ұтылдық. Кеше ойыншылармен сөйлесіп, қарымтасын қайтаруға тырысамыз деп шештік. Бізге 5:0 есебімен кездейсоқ ұтылғанымызды дәлелдеу қажет. Біздің тарапымыздан тек қана жеңіс күтіңіздер. Қарсыласымыздың деңгейі жоғары екен. Польша чемпионатының екінші командасы деген атағы бар. Егер олар бізден өте алатын болса Конференция лигасының топтық кезеңіне жақындай түседі. Оларға құрметпен қараймыз. Бірақ қолымыздан келгенше есемізді қайтаруға тырысамыз. Біздің командада Томасов әзірге дайын емес. Ол тек кеше ғана негізгі құраммен жаттығу жасады. Мүмкін ертең қосалқы құрамға ілігіп қалар. Алаңға қандай ойыншылардың шығатыны тек ертең белгілі болады», – дейді Благоевич баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, «Ракув» пен «Астана» арасындағы алғашқы ойын 5:0 есебімен поляк командасының пайдасына аяқталды. Қарымта кездесу ертең «Астана Аренада» өтеді.